2 желтоқсан күні Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен, Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында, Қазақ ССР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтың туғанына 110 жыл толуына арналған "Ән дүлдүлі-Ғарекең" атты концерті өтті. Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында Ұлы тұлғаларды ұлықтап, ата-бабаларымыздың есімдерін дәріптеу маңызды екені айтылған болатын. Ғарифолла Құрманғалиевтің өзіндік әншілік мектебі мен ән мұрасын ұлықтау мақсатында арналған жобаның өнер көші, бабамыздың туған жері, қасиетті Қаратөбе елінен бастау алып, Ақжайық өңірінің аудандарынан жалғасын тауып, көршілес Ақтөбе облысының көрермендеріне аталмыш концерт ұсынылған болатын. Атаулы кеште Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының артистері бабамыздың көркем де әуезді шығармаларын шеберлікпен орындап, ұлттық өнерімізді паш етті. Кешке жиналған қауым керемет кештің куәсі болды.