Ақжайық өніріндегі жоғары кәсіби деңгейдегі дара шығармашылық ұжым болып саналатын Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы халқымыздың музыка өнерін кеңінен дамыту және насихаттау мақсатында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 25 қаңтардағы №66 қаулысымен құрылды. Филармонияның алғашқы директоры болып Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, жоғары кәсіби білімді маман Уәли Кәрімов тағайындалды. Әнші, күйші, биші мамандар конкурс бойынша қабылданып, Бекболат Машқанов, Нұрғали Божымов, Мақсат Мұхитденов, Гүлжамал Мамашева, көркемсөз оқу шебері Гүлжиян Атошева, термеші Гүлбаршын Сахипова сынды талантты жастардан алғашқы эстрадалық ансамбль құрылды. Оның көркемдік жетекшісі болып оралдық музыкант Николай Горелов бекітілді.
Филармонияға әр жылдары У.Кәрімовке қоса Ұлы Отан соғысы ардагері Сағын Есенәлиев, кейін Құрманғазы атындағы Орал музыка училищесінің директоры болған педагог-ұстаз Махамбет Ержанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, режиссер Мақсот Омарғалиев, әнші-композитор Донеділ Қажымов, сондай-ақ ҚР мәдениет қайраткері Марат Қалиев басшылық етіп, шығармашылық ұжымның дамып, өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосты.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары филармония Құрманғазы атындағы музыка училищесін бітіріп, кәсіби өнерге қанат қаққан Тілек Лұқпанов, Олег Глинский, Әмір Төлеуов, Нариман Дүйсенов, термеші Қойсын Дүйсенова, пантомима жанрының шебері Зифиль Ситдиков, биші Райхан Көжекешева, әнші Қанатқали Қожақовпен толықса, сексен бесінші жылдары Алматы эстрада студиясының Ғ.Құрманғалиев класын бітірген термеші-әншілер Махамбет Балпейісов, Сәуле Таудаева, Сағадат Рахметжанов, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория түлегі Мұрат Әмірханов сынды үшінші лек келді.
Бекболат Машқановқа Ақ Жайық өңірінде музыка өнерін дамытудағы еңбегі үшін алғашқылардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілуі сол жылдардағы филармония ұжымының еңбегін бағалағандық еді. Мұндай марапаттар кейін өз жалғасын тауып, филармония әртістері құрметті атақтарға ие болып, орден-медальдармен марапатталды.
Филармонияда көп жыл көркемдік жетекші болып қызмет еткен Юрий Савельев, сондай-ақ Зайлағи Мұхитденов, Нелли Ильиных, Өзипа Исқақова, Александра Кечина, Сәния Оразаева секілді ардагерлердің есімдері құрметпен аталады. «Ұшқын», «Думан-концерт», «Жайық толқыны», «Ән қанатында», «Гүлдерайым» деп аталған жастар ансамбльдеріне Қанатқали Қожақов, Махамбет Балпейісов, Қайыржан Махмудовтар жетекшілік етті. Оған қоса келісімшарт бойынша шақырылған «Иван да Мария» ансамблі (жетекшісі Александр Морозов) халықтық өнерді насихаттауға атсалысса, бұрыннан бар «Орал сазы» ұлттық музыкалық аспаптармен толықтырылып, фольклорлық-этнографиялық ансамбль болып қайта құрылды. Оның құрамына Асқар Құсайынов, Думан Байтілеуов, Ислямғали Мықтыбаев, қобызшы Алма Нәжімеденова сияқты жоғары білімді мамандар қабылданды.
Шеберліктерін ұдайы шыңдаған филармония әртістері Қазақстан қалалары мен ауыл-аймақтарын аралап қана қоймай, Мәскеу, көршілес Самара, Саратов, Орынбор, Астрахан, Тұзтөбеде, сонымен қатар Германия, Норвегия, Болгария, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Хорватия секілді алыс-жақын шет елдерде сахнаға шығып, қазақ өнерін әлемге паш етті.
Филармонияның 1989 жылы Орал қаласындағы ең көрікті де сән-сәулеті ерекше, 1900 жылы ірге көтерген Достық даңғылы бойындағы А.Каревтің үйіне орналасуы айрықша сый болды. Бұл өңір мәдениетінің өркендеуіне, соның ішінде ұлттық өнердің қаз басуына игі ықпалын тигізді. Өткен ғасырдың сәулет үлгілерімен айшықталған, камералық концерттік сахнасы мен көрермен залы бар ғимаратқа қол жеткізген филармония халқымыздың музыка өнерін өзінің төл әртістері арқылы кеңінен насихаттаумен бірге атақты әртістерді шақыруға да мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде Орал сахнасында КСРО халық әртістері, Халық қаһарманы Роза Бағыланова, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішевтерге қоса ХХ ғасырдың ұлы музыкант-пианисі Святослав Рихтер, Ресей Үлкен театрының әртістері Валентина Левко, Александр Ворошило, Леонид Сметанников, атақты биші Махмуд Эсамбаевтарға дейін өнер көрсетіп, филармония мерейін көтере түсті. Атақты дирижерлар, КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиев, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев басшылық еткен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі, сол кезде атақ-абыройлары дүрілдеп тұрған эстрада жұлдыздары мен ансамбльдердің толассыз келуі филармония әртістерінің кәсіби шеберлігінің өсуіне ерекше әсер етті.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1996 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен батысқазақстандық филармонияға ақиық әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі берілді.
БҚО әкімшілігінің қолдауымен 2000 жылы облыстық филармония ғимараты күрделі жөнделіп, итальяндық дизайнерлердің күшімен бастапқы қалпына келтірілді. Соның ішінде екі фойе, 220 орындық залы, камералық сахна қазіргі заман талабына сай безендіріліп, сәнді жиһаздармен жабдықталды. Мамандардың пікірі бойынша филармонияның камералық концерттік залы акустикасы жөнінен республикада үздіктердің бірінен саналады.
Осы жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Дәулеткерей атындағы өнер институты мен Құрманғазы атындағы Орал музыкалық училищесін бітірген мамандардан құралған «Назерке» халықтық би ансамблі (балетмейстері Айгүл Құлбекова) мен «Классика» камералық ансамблі (көркемдік жетекшісі Владимир Баяндин) өмірге келді.
Облыс басшылығының ұйғарымымен 2000 жылы қалалық мәдениет бөлімі жанындағы жоғары білімді 52 музыканттан құралған халық аспаптар оркестрі облыстық филармония қарамағына берілді. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория түлектері, тәжірибелі маман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры болып тағайындалса, Қызылордадан арнайы шақырумен келген Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетов дирижер болып бекіді. 2003 жылы облыстық филармонияның халық аспаптар оркестріне атақты күйші Дәулеткерейдің есімі берілді. Кейін оркестр тізгінін Қ.Қажымовтан мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, сондай-ақ республикалық Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев атындағы және басқа дирижерлар байқауының лауреаты Е.Нұрымбетов қабылдап алды.