2019 жылдың 22 қазан күні Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Республикалық байқаулардың лауреаты, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің артисі Ақсамал Қанатқалиеваның Қорқыт баба рухымен үндес тапқан, қобыздың әуенімен сыр шертілетін «Қобыз сазы» атты жеке шығармашылық концерті өтті. Аталмыш өнер кешінің құрметті қонағы Ақсамал Нұрболатқызының консерваториядағы ұстазы, қобызшы Лайла Тажибаева шәкіртімен қосыла өнер көрсетті. Даулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі және симфониялық оркестрмен қобызшының шабыттана орындаған өнерінен ләззат алып, ыстық қошеметтерін аямаған қалың көрерменнің ықыласы ерекше болды. Кеш соңында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы директорының орынбасары Абдул Ғабитұлы сөз сөйлеп, Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасы атынан Алғыс хат табыстады. Кеш иесін құттықтай келген бірнеше әріптестері де құттықтауларын жеткізді.