23 қазан күні А.Н.Островский атындағы драма театрында Халықаралық конкурстардың лауреаты, музыка академигі, «Жаншуақ» сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Саида Калыкованың «Асыл қалам» атты концерті өтті.
Өнер иесі туған жерге деген сағынышқа толы, сиқырлы саусақтарынан төгілген музыка құдіретін сезіндірер рухани кеш сыйлады.
Әр дәуірдің, әр заманның ұлы композиторларының шығармаларын қамтыған Саиданың кешіне жиналған көрерменнің театр залына сыймай кетуі, өнер иесіне деген жерлестерінің шексіз құрметінің белгісіндей. Классик композиторлардың шығармаларын ойнап қана қоймай, жан дүниесі музыкамен егіз Саида өз көрермендеріне жанынан шыққан авторлық шығармаларын да тарту етті. Шексіз шеберлікпен ойналған әр шығармалар сайын кеш иесінің құшағы сансыз гүл шоқтарына толып, толассыз қошеметтер өнерге деген құрметтің өлшеусіз бағасындай болды.
Орал өңіріне келген өнер иесінің кешінде облыс әкімі Алтай Сейдірұлы тыңдармандармен бірге әуезді кештің куәсі болды.
Концертте «Туған жерім», «Мираж», «Утро на озере», «Ноктюрн» сынды әуендерді орындап, көрерменнің сағынышын басты.
Кеш соңында өнер жұлдызына облыс әкімі атынан ықылас гүлі табыс етілді.