Өнер биігінде үлкен беделге ие, өсиеттің өрістісі, есті күйдің егесі, екі шектің энциклопедиясы атанған, Нарыннан күй асырған, Республикаға танымал, күйші Есел Казиевтің 90 жылдығына орай еске алуға арналған «Күй – киелі ғұмыр» атты кеш ұйымдастырылды.
Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен өткен шара басында сөз алған Алматы қаласынан арнайы келген құрметті қонағымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғылымдағы және ұлттық педагогикадағы сіңірген еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы , түркі жұртының ғұламасы Мэлс Қадышев атындағы алтын медальдардың иегері, халық музыка зерттеушісі, профессор Карима Сүндетқызы Сахарбаева Есел күйші туралы естеліктер мен шығармашылығы туралы айта келе дәулескер күйші туралы шығарылған кітаптың тұсауын кесті.
Карима Сүндетқызы күйші ұрпақтары мен әулиетіне ақ тілегін арнай отырып, Есел күйшінің ұлы Ермек Қазиевке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры» атағын табыс етті. Сонымен қатар БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиев Ақжайық өңіріне келген арнайы қонағымыз Карима Сүндетқызының күйші өнерін зерттеу жолындағы құнды еңбектері үшін алғысын айтып, құрмет білдіріп иығына қамзол жапты.
Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Батырханов Айдар Тапашұлы Ермек Қазиевке «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыс етіп, тілегін жолдады.
Сонымен қатар Есел күйші туралы сан тарихтың бетін ашқан, ағаның көзін көрген ауылдасы ардагер Шайқолла Елемесовтың сөзінен кейін кеш арнайы мұрағаттан алынған Есел Қазиевтың өзі орындаған күймен басталды.
Шарада алықаралық «Серпер», «Жұбанов» көктемі фестивальдерінің лауреаты Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі (Оркестрдың көркемдік жетекшісі және бас дирижеры «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов, дирежері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов), «Парасат» орденінің иегері Хатимолла Бердіғалиев, танымал күйші Едіге Нәбиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайрханов, Ақылбек Бектасов, Нұркен Шайжанов, Жасұлан Зинеденов, Бекзат Мағзомов, Есенжан Аманжолов, Алтынбек Айғалиев және күйшінің ұрпақтары Ермек, Бақытжамал, Асылғаным, Гүлмира, Асылхан Қазиевтер және шөбересі Мирас өнер көрсетті.
Кеш соңында Есел Қазиевтің ұл-қыздары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, күйшінің құдіретті өнеріне бас иген көрермендер ризашылықпен тарасты.