Шілденің бірінші жексенбісі қазақ халқының киелі де қасиетті музыкалық аспабы Ұлттық домбыра күні болып жарияланды.
Күй өнері – қазақ халқының ең құнды, бағалы мұраларының бірі. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл толды. Осыған орай Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашылары мен облыстың белсенді партия жастары және жасотандықтар күйшінің «Науысқы» күйін орындап барша қазақ еліне жолдайды.