Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында облыс әкімі Ғали Нажмеденұлы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері Қырымгерей Қажымұлы Қажымовты мерейлі 75 жасымен құттықтап, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын және министрліктің «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстады.
Қырымгерей Қажымұлы Қажымов 1946 жылы 19 наурыз айында Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тантен ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1969 жылы Құрманғазы атындағы Академиялық оркестрдің концертмейстері, 1970 жылы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік симфониялық және Құрманғазы атындағы Академиялық оркестрінде контрабас тобының концертмейстері қызметін атқарады. Осы оркестрлер құрамында Польшада, Чехословакияда, Данияда, Италияда, Ауғанстанда гастрольдік сапарларда өнер көрсетті. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет Министрлігінің бұйрығымен Құрманғазы атындағы Орал музыка училищесінің директоры болып тағайындалды. Қазақтың ұлттық ән-күй жанрларын облыс көлемінде кеңінен дамыту мақсатында 1992 жылы училище жанынан Мұхит класын ашып, қазақ ұлттық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Сол жылы оркестр аймақтық конкурста лауреат атанды. Ұйымдастырушылық іскерлікпен қатар ұстаздықты ұштастыра білді. Саз колледжінде, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Аспапта орындау» кафедрасында аға оқытушысы қызметтерін атқарды. Оның шәкірттері республикалық байқауларда лауреат атанды. Маэстро осынау кәсіпқой өнер сахнасында 45 жылдан астам халқымыздың және шетел композиторларының шығармаларын насихаттауда, оларды жастарға үйрету жолында аянбай қызмет атқарып келеді. 2006 жылы академик, Қазақстанның халық артисі, композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың 100-жылдығына арналған концерттік кешінің бағдарламасы Қырымгерей Қажымовтың шығармаларынан құралды. Қырымгерей Қажымұлы дирижерлік өнерімен қатар композиторлығымен де кеңінен танымал. Жерлес ақындар, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы Қ.Мырза Әлидің «Домбыра», «Балалығы қалмаған деп сөкпеңдер», Ж.Нәбиуллиннің «Туған жер-кіндік жұртым», «Қазақ жері», Ғ.Сейтақтың «Әнші жарының аманаты», «Жайық толғауы» өлеңдері мен поэмасын және көптеген эстрадалық жанрда жазған шығармаларын облыс жұртшылығы сүйсініп тыңдайды. Республикалық және халықаралық деңгейде мәдениет пен ұлттық өнерімізді дамытуға қосқан үлесі, елеулі еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісіне (2006), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына (2008) ие болды. Қырымгерей Қажымұлы Қажымовқа Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы ұжымы атынан зор денсаулық қажымас қайрат тілейміз!! ТУҒАН КҮНІҢІЗБЕН МАЭСТРО!