Шілденің екісі қазақ әуендері Вельс қаласының көгінде шарықтап, қазақ биі шалқыды сахнада. Австрия төрінде қазақ өнері салтанат құрды кеше. Олай дейтінім, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы "Орал сазы" фольклорлық ансамблі, Орал қалалық "Салтанат" би ансамблі, Дастан Есентеміров, Дария Бакытова, Айбар Хайрханов, Еркін Өтегенов сынды өнер иелері Ұлы дала елінің ұлттық өнерімен европалықтарды таң қалдырды. Уақытында музыка әлемінің алыптары Моцарт, Бетховен, Шуберт, Штраустардың музыка жауһарлары салтанат құрған елде қазақтың Қыз-Жібек операсынан "Гәкку" әуеледі, "Шегенің ариясы" шырқалды. Аққудай арулар аққудай тербелді сахнада. Абайдан, Біржан салдан, Нұрғисадан сусындады көрермен. Күмбірлі қазақ күйінің құдіретіне бас иді. Ұлттық домбырамыздың ұлылығына таң қалысты. Ақжайықтық өнерпаздар осылайша Австрия елінің аспанын ән мен күйге бөледі. Бүгін шілденің үші Кремс қаласында ұлттық өнеріміздің үні жалғаспақ. Сәттілік тіледім. Абыроймен оралыңдар Ақжайыққа!