Бүгін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының үлкен залында елімізге танымал биші, «Назерке» халық биі ансамблінің артисі халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Айбар Сайлауұлы Амандықовтың «Жеті өнердің жүйрігі» атты шығармашылық кеші өтті. Шығармашылық кеш барысында Айбар Сайлауұлының өмір жолына арналған деректі фильм және елордасы Астана қаласындағы ұстаздары, әріптестері, группаластарының құттықтаулары көрсетілді. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей өзінің әншілік қырынан да құр алақан еместігін көрсеткен Айбар Сайлауұлы әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиевтің «Анаға сый» әнін орындады. Тек биші емес, ақын, әншілік өнерін бүгінгі кеште халыққа көрсеткен Айбардың өнеріне халық тәнті болып, ерекше қабылдады. Мерейлі жасқа толған Айбар Амандықовты туған күнімен БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев құттықтап, мәдениет басқармасы басшысының құттықтау хатын табыстап, «БҚО үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісімен марапаттады. Шығармашылық кеш «Назерке» халық биі ансамблінің дайындаған түрлі жанрдағы би қойылымдарымен халықтың жүрегінен орын тапты.