Бүгін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі Донеділ Ізмағамбетұлы Қажымовтың халықаралық «Ақ Жайық - ару мекенім» ән байқауы өз мәресіне жетті.
Ағымдағы жылдың 9-10 қазан күндері «Атамекен» өнер залында БҚО әкімдігі, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-композитор Донеділ Қажымов әндерін орындаушылардың III халықаралық «Ақ Жайық - ару мекенім» ән байқауы өтті. Байқауға республикамыздың Маңғыстау, Қарағанды Қостанай облыстарынан, Астана, Шымкент, Атырау қалаларынан, Батыс Қазақстан облысы аудандары мен жергілікті Орал қаласынан келген 21 дарын бақтарын сынады. Байқаудың басты мақсаты: қазақ әндерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Донеділ Қажымов шығармашылығын келер ұрпаққа жалғастыру, ән арқылы елдің рухын биіктетіп, ән өнерін дамыту және өнер әлеміне сазгердің өміршең әндерімен бірге өсіп келе жатқан жас талантты орындаушылардың жаңа есімдерін таныту болып табылады. Аталмыш байқауда қазылар алқасының төрағасы әнші-композитор Донеділ Ізмағамбетұлы Қажымов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қалдаяқов Мұқтар Шәмшіұлы /Алматы қаласы/, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор, Қазақстан композиторлар Одағының төрағасы Серікжан Құттымбетұлы Әбдінұров /Алматы қаласы/, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қосанова Айгүл Шоданқызы/Алматы қаласы/, Ақтөбе саз колледжінің директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері Аманжол Дюсенұлы Исмагулов /Ақтөбе қаласы/, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, «Құрмет» орденінің иегері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі Еркін Шаяхметұлы Нұрымбетов, мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі Жаскелең Орынбасарұлы Ғайсағалиев төрелік етіп, жеңімпаздарды анықтады. Аталмыш додада Армат Амандықовқа (Астана қаласы) Бас жүлде, ал бірінші орын Батыс Қазақстандық Тарас Жауынбаевқа бұйырды. Нұртас Омаров (Ақтөбе облысы), Масжанов Серіжан (Маңғыстау облысы) екінші орын, Жакашев Ерхат (Маңғыстау облысы), Ахметов Мұрат (Батыс Қазақстан облысы), Какимова Бақтоты (Атырау облысы) үшінші орынға ие болды. Ал Түркістан облысынан келген үміткер Бөріханов Өсербай, Дюсембаева Динара (Қарағанды облысы), Әжібай Тасқын (Қостанай облысы) сынды өнерпаздар дипломант атанса, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданынан қатысқан квартет (Каримов Райымбек, Боранбаев Аслан, Гайнулина Асем, Каюпова Шынар) «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды. Байқауға қатысқан қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Марапаттау рәсімі Донеділ Қажымовтың «Ақ Жайық - ару мекенім» атты гала-концертімен басталып, «Донеділ достарын шақырады» атты Қазақстан композиторларының мерейтой иесінің шығармаларын орындау концертіне ұласты. Гала концертте фестиваль лауреаттары және қазылар алқасы өнер көрсетіп, композитордың шығармашылығынан әндерін орындады.